Партия заңнаманы жетілдіру мәселелерін көтеріп, саяси және идеологиялық мәселелерге терең интеллектуалдық көзқарасымен ерекшеленді. Бұл көптеген баспасөз конференцияларында, брифингтерде, съездерде және саяси кеңес отырыстарында, сондай-ақ әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде жұмыс істеген партиялар аралық кеңес шеңберінде көрініс тапты. М.С. Нәрікбаев прагматизм мен болашаққа бағытталған сыни ойлауымен ерекшеленді. Ол дәлелденбеген ақпаратқа сүйенбей, әрқашан әріптестерінің пікірлерін тыңдап, содан кейін шешім қабылдап, жаңа идеялар мен бастамалар ұсынатын. Мақсұт Сұлтанұлы Тұңғыш Президенттің стратегиялық бағытын қолдаса да, оның жүзеге асырылу әдістері мен Үкіметтің тактикалық әрекеттерін жиі сынға алды. Ол қиын кезеңдерде ұсынылған кейбір шаралардың біліксіздігі жайлы айтып, құқықтық саясатты түзету және заңнаманы жетілдіру, соның ішінде экономикалық дағдарыс кезеңіндегі мемлекеттік органдар жүйесі мен олардың өкілеттіктері туралы ұсыныстар енгізді. Сонымен бірге ол елдің жетістіктерін мойындап, бірақ бар мәселелрді де көріп, оларды шешу үшін белсенді жұмыс жасап, әлеуметтік-саяси дамуды жеделдету мен құқықтық жүйені жақсарту үшін идеялар ұсынды.